Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №545 бұйрығымен бекітілген «Теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк - багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларының» (бұдан әрі-қағидалар) 13-тармағына сәйкес жол жүру құжаты (билет) жолаушының жеке басын куәландыратын мынадай құжаттардың бірі ұсынылған кезде ресімделеді, атап айтқанда:
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;
шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты;
азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
босқын куәлігі;
Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты;
Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты;
Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігі;
шетелдік төлқұжат;
қайтаруға арналған куәлік (басқа мемлекет азаматы жеке басын куәландыратын құжатын Қазақстан аумағында жоғалтқан жағдайда, оның Отанына баратын маршрут бойынша жүруіне арналған);
туу туралы куәлік (16 (он алты) жасқа дейінгі балалар үшін).
Сондай-ақ, мынадай құжаттарды ұсынған кезде жол жүру құжатын (билет) ресімдеуге рұқсат беріледі, олар:
әскери билет - мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге;
уақытша жеке куәлік.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Азаматтардың өзара сапарының шарттары туралы келісімге» сәйкес (Астана қ., 2000 жылғы 7 шілде) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін мемлекет аумағына кіру шығу, транзиттік жол жүру және болу үшін жарамды құжаттар тізбесін хабарлаймыз, олар:
1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты.
2. Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты.
3. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты.
4. Әуе кемесі экипажының мүшесінің куәлігі (экипаж құрамында жүрген кезде).
5. Қазақстан Республикасына оралуға арналған куәлік.
6. Үкіметаралық фельдъегерлік қызмет қызметкерінің жеке куәлігі.
Жоғарыда көрсетілген құқықтық және халықаралық актілерді ескере отырып, ҚР паспорты бойынша ҚР интернет-сайттарында электронды жол жүру құжатын (билет) ресімдеу мүмкіндік бар.
«Халықаралық жолаушылар қатынасы туралы келісімнің» 40-бабына сәйкес оның жекелеген нормаларын қолдану ерекшеліктерін ескере отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде, Грузия, Латвия Республикасы, Литва Республикасы, Эстония Республикасында (ХЖҚК ҚЕ) жолаушы, багажды немесе жүк–багажды жөнелтуші және алушы паспорттық–әкімшілік (оның ішінде визалық), кедендік және темір жол көлігімен халықаралық қатынаста жүрген кезінде өзіне де, өзінің қол жүгіне, багажына, жүк-багажына және тасымалданатын үй жануарларына (иттерге, мысықтарға, құстарға) қатысты белгіленген басқа да ережелерді сақтауға міндетті. Темір жол көлігі саласындағы халықаралық келісімдерде белгіленгендерді қоспағанда, тасымалдаушы көрсетілген ережелердің сақталуын бақылауға құқылы емес және жолаушының, багажды немесе жүк-багажды жөнелтушінің және алушының осы ережелерді орындамағаны үшін жауапты болмайды.