20 ғасырдың 50-ші жылдарында Алматыдан солтүстік-батыс бағытта 170 км қашықтықта орналасқан Аңырақай тауындағы Тамғалы шатқалынан 2000-нан астам тасқа қашалған суреттер (петроглифтер) табылған. Тамғалы ғибадатханасы – тарихшылар мен археологтарды қызықтырып отырған, ашық аспан астындағы үлкен музей-қорық. Оның аумағы 3,8 мың гектар.
Зерттеушілер тастағы суреттерді бірнеше топтарға бөледі. Олардың ішінде аңдардың – бұғы, арқар, бұқа, жылқы және адамдар бейнесі де бар. Одан да қызық сюжеттер: аңшылық, соғыс, құрбан шалу сахналары да бейнеленген. Тамғалы суреттерінде ерекше орын алатын – күн басты құдай суреті. Кей суреттердің ұзындығы бір метрге дейін жетеді.
Бұған қоса Тамғалыдан адамзат өркениетінің қола дәуіріне және одан да көне кезеңдеріне жататын көптеген елді мекендер, діни ғимараттар, зираттар табылды.
Тамғалы ғибадатханасының маңынан табылған ең көне жұрт б.э.д. 12-11 ғасырға тиесілі екен. Оны қазба жұмыстары кезінде жердің үш метрлік қабатынан тапқан. Ежелгі жерлеу рәсімдерінен тақтатастардан тұрғызылған, ішіне марқұмның күнделікті тұрмыста қолданған заттары салынған тас табыттар қалған. Бұл өңірлерде ежелден адамдардың өмір сүргеніне куә болатын тастан қаланған қорғандар да бар.
2004 жылы Жетісудың ежелгі тарихи-мәдени ескерткіші – Тамғалы ғибадатханасындағы петроглифтер ЮНЕСКО-ның әлемдік мұраларының тізіміне енгізілді.