Ұзындығы 154 шақырым болатын Шарын шатқалы Алматының шығыс жағында 200 км қашықтықта орналасқан. Каньонның ең керемет туристік бөлігі – Қамалдар алқабы (ұзындығы 2 км, ені 20-80 м). Алқапта жаяу қыдыруға тек бір бағыттың өзіне бір жарым сағатқа жуық уақыт кетеді және саяхат соңы Шарын өзеніне келіп тіреледі.
Каньонның барлық аумағы барлық қазақстандықтар мен республика қонақтарының сүйікті демалыс орыны «Шарын» мемлекеттік табиғи саябағының құрамына кіреді. Саябақ ауданы 93 мың гектардан асады.
Шарын каньонының тік жарқабақтарының биіктігі 140 метрден 300 метрге дейін жетеді. Тау бөктерінің жасы, ғалымдардың айтуынша, 12 млн жылдан асады. Шарынды әдетте Колорадо штатындағы (АҚШ) атақты Үлкен каньонмен салыстырады, себебі бізге берген табиғаттың бұл сыйы өлшемі бойынша шағындығы болмаса, әдемілігі жағынан еш кемдігі жоқ. Миллиондаған жылдар бойы соққан қатты жел шөгінді жыныстардан көзді арбайтын, осындай бірегей каньон түзген.
Каньон маңайында табиғи саябақ құрамына кіретін, ҚазақстанРеспубликасының қызыл кітабына енген согдиан шағаны өсетін Шаған тоғайының қалдығы бар. Шарында бұдан басқа да тек осы жерлерде сақталған өсімдік түрлері бар. Ғалымдардың есебінше бұл қорық аумағында 30-дан астам өсімдіктің, құстар мен жан-жануардың құрып бара жатқан түрлері мекендейді. Сонымен қатар, мұнда сүтқоректілердің 60-тан астам түрі, құстардың 300 түрі, қосмекенділердің 20 түрі және бунақ денелілердің 800 түрі мекендейді.