Биік таудағы Медеу мұз айдыны Қазақстанның ірі қаласы Алматының маңында. Жасанды мұзды ашық кешен 1972 жылы теңіз деңгейінен 1691 биіктікте салынды. Мұз айдыны және сол салынған шатқал осы жердің тумасы һәм кезінде Алматы Верный аталып тұрған кезде қала үшін еңбек еткен әйгілі адамның атымен аталған.
"Медеу" жасанды мұз айдынының көлемі 10,5 мың шаршы метр және әлемдегі ірілердің бірі. Мұнда 2 мың, тіпті 3 мыңға дейін адам бір мезетте коньки тебе алады. Таудың саф ауасы, мұзды жасайтын таза бұлағы, жылына көп уақыт тұратын ашық күн, желі аз ық сай - осы және тағы басқа жағынан да жайлы болғандықтан мұз айдыны еліміз ғана емес, әлемге әйгілене бастады.
Мұз кешені жұмыс істегелі бері мұнда 200-ден астам әлем рекорды жаңартылды. Өйткені, КСРО уақытында Медеуде халықаралық және одақтық жарыстар ұйымдастырылып тұрды. Олар: хоккей сайыстары, конькимен жарысу спорты, мұз биі және т.б. Қазіргі уақытта шалқар мұз үстіне қазақстандық спортшылар оқу-жаттығу өткізіп, Алматы халқы мен басқа да шетелдік қонақтар келіп, сырғанақ тебеді, демалады.
Мұз кешені соңғы рет 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары кезінде толық жөндеуден өткізілді. Мұз айдынын жаңарту үшін барлығы 20 млрд. астам теңге жұмсалды. Азиада күндерінде "Медеуде" допты хоккейден жарыс болды.
"Медеу" мұз айдынынан 4,5 шақырым ары қарай биіктіктегі "Шымбұлақ" тау шаңғысы шипажайына дейін аспалы жол салынған.