Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы заңнамасына сәйкес баланың құқықтары мен мүдделеріне қамқорлық пен қорғауды жүзеге асыратын ата-ана, бала асырап алушы, қорғаншы, қамқоршы, патронат тәрбиеші немесе басқа алмастырушы тұлға болып табылатын жолаушы тиісті құжаттары болған кезде:
1) өзімен бірге 7 жастан аспаған бір баланы тегін алып жүреді, егер ол бөлек орын алмаса. 7 жастан аспаған бала жеке орын алу үшін жеңілдікпен жол жүру құжатын (билет) сатып алу қажет. Жолаушымен 7 жастан аспаған бірнеше бала жол жүретін болса, біреуінен басқа, қалған барлық балаларға жеңілдікпен жол жүру құжатын (билет) сатып алу қажет;
2) өзімен бірге 7 жастан 15 жасқа дейінгі балаларды жеңілдік берілген жол жүру құжатымен (балаларға арналған билет) алып жүреді.
7 жастан 15 жасқа дейінгі балалардың Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүргені үшін ақы ересек жолаушы үшін белгіленген жол жүру құнының 50% мөлшерінде болады.
Басқа темір жол әкімшіліктері құрастырған пойыздармен мемлекетішілік қатынаста жол жүрген кезде 5 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға жол жүру құжаты ресімделеді.
15 жастан асқан балалар үшін ересектерге арналған жол жүру құжаттары (билеттері) сатып алынады. Баланың жасы сапар басталған күні анықталады.
Билет кассасына және пойызға отырғызу кезінде баланың жасын растайтын құжат ұсынылады.
Баланың заңды өкілі болып табылмайтын жолаушы билет кассасына және пойызға отырғызу кезінде баланы алып жүру құқығын растайтын құжатты (сенімхатты) көрсетеді.
15 (он бес) жастан 18 (он сегіз) жасқа дейінгі балаларға нотариалды куәландырылған сенімхат түрінде ресімделген заңды өкілінің жазбаша келісімімен ересек адамның еріп жүруінсіз жол жүруге рұқсат етіледі.
Жолаушылар пойызына отырғызу кезінде немесе жол жүру барысында баланың заңды өкілі жеке өзі болған жағдайда, билет кассасына және пойызға отырғызу кезінде баланы алып жүру құқығын растайтын құжатты (сенімхатты) көрсету талап етілмейді.