Мүмкіндігі шектеулі адамдар кассаға бармай-ақ теміржол билеттерін сатып ала алады

2023 жылдың бірінші тоқсанында мүмкіндігі шектеулі жандар интернет арқылы жолаушылар пойыздарына 100 мыңнан астам жеңілдікті билет сатып алды.

Электрондық билетті bilet.railways.kz сайты арқылы сатып алуға болады. Оны ресімдеу үшін жолаушы төлқұжат деректерін, ЖСН, мүгедектік туралы анықтама нөмірін және eGov mobile-дан алынған алты таңбалы әлеуметтік ID кодын көрсете отырып тіркелуі қажет.

 Жеңілдікті билет сатып алуға негіз барлығын тексеру автоматты түрде жүргізіледі. Деректерді онлайн режимінде тексергеннен кейін сату жүйесі таңдалған орынға төмен баға жеңілдігін қолдануға мүмкіндік береді. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жол жүру билетінің құнынан 50% жеңілдік, Тальгоның коммерциялық маршруттары бойынша мамандандырылған купелерге (ерекше қажеттіліктері бар жолаушы мен ілесіп жүретін адам үшін) 70% жеңілдік көзделген.

Жеңілдікті жол жүру құжаттарын ресімдеу рәсімін жеңілдету үшін ҚТЖ Еңбек министрлігінің «Әлеуметтік көмек» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізуде. Осыдан кейін жолаушы тек ЖСН көрсете отырып, жеңілдікті билеттерді рәсімдей алады.

 

Ұлттық тасымалдаушы пойыздарына мүгедектер мен оларға ілесіп жүретін адамдарға арналған орындары бар мамандандырылған вагондар енгізіледі. «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркінде ерекше жолаушылардың қажеттіліктеріне жауап беретін 80 купе вагоны бар. Оның 20-сы Тальго вагондары.

2025 жылға қарай әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша  қозғалуы нашар адамдар үшін вагондармен толық қамтамасыз ету жоспарлануда, коммерциялық поездар құрамында - шамамен 90%. 2023 жылдың соңына дейін 13 вагонда ерекше адамдарды тасымалдау үшін бір купе қайта жабдықталады. 2030 жылға дейін мүмкіндігі шектеулі жандардың жайлы сапары үшін купесі бар 46 вагон сатып алу жоспарлануда.

Мүмкіндігі шектеулі жандар пойыз билетін тікелей вокзалдан касса арқылы да сатып ала алады. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжатты, мүгедектік туралы анықтаманы ұсыну қажет.

 «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі